Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілген.
Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс. Мектеп формасының үлгісі мен түсі классикалық стильде, бірыңғай түстер үйлесімінде сақталады, үш түстен артық түсті араластыруға жол берілмейді. Түстер ашық әрі көзге түсерліктей емес, сабырлы реңктерден таңдалады.
Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. Ол күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.
Ұлдарға арналған мектеп формасына: пиджак, жилет, шалбар, салтанатты жейде, күнделікті жейде (қысқы кезеңде: трикотажды жилет, водолазка) кіреді. Ұлдарға арналған шалбар еркін пішімді және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс.
Қыздарға арналған мектеп формасына: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық үлгідегі блузка (қысқы кезеңде: трикотажды жилет, сарафан, водолазка) кіреді. Қыздарға арналған шалбар еркін пішімді және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс.
Ұлдарға арналған салтанатты форма күнделікті формадан тұрады және оған ақ жейде қосылады, ал қыздарға арналған салтанатты формаға ақ блузка қосылады.
Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық формаға: спорттық костюм (спорттық шалбар, футболка), спорттық аяқ киім (кроссовка, кеды) кіреді.
Мектеп формасының құрамында классикалық үлгідегі галстук болуы тиіс. Галстук мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес келетін немесе мектеп формасының түсіне қарама-қарсы түсте болуы мүмкін.





